Қисайған қисын
Жарияланған күні 12.05.2008 - Бөлімі: Ит тірлік
Мен кейде ойлаймын да: дүние жаратылған кезде барлық мақұлық пен жәндіктерге даму үшін бірдей мүмкіндік берілген деп. Тіпті, әлдебір арбитр: «Стаааарт!» деп, шүріппені басып қалғанда, иті бар, мысығы бар, адамы бар, тіпті бірклеткалы инфузориялары бар – барлығы бір сызықтың бойынан дамуға қарай жүгіре шыққанға ұқсайды. Ақыры адамдар оза шауып шаң қаптырып кетсе керек (әлде –өзіміз солай ойлаймыз ба?) : әйтеуір ұялы телефонмен сөйлесіп тұрған итті яки басқа мақұлықты ешқайсысымыз көрмеппіз; есесіне – адамзат Айға аяқ басты.
Сөйтіп, адамзат табиғаттағы барлық мақұлық түрін оңбастай етіп жеңіп, күшке мінгесін, өзара сұрыптау бастаса керек. Сұрыптаудың дәл басталған күнін кім біліпті, алайда асқан әділеттілік болса керек: кім күшті – сол өзінен әлсіздерді басқарады. Ақылы барлығынан асқан би – билердің биі боп сайланыпты; жүзді жыққан жүзбасы мыңды жыққан түменбасына бағынады. Қисыны бар сияқты емес пе?
Егер қисыны барына келіссеңіз, әрі қарай оқи беріңіз. Қарап тұрсақ Қазақ мемлекеті – ұйымдастырудың осындай формасы арқылы ұланғайыр жерге ие болса керек. Әрі қарай деградация басталады: он сегізінші ғасырларда осынау бір аса әділетті дала саясатына патша ағзам жағынан қаяу түсіріле бастайды. Төлеңгітке шекпен кигізіп, ханына қарсы сөйлетеді; Жәңгірлер мен ірілі-ұсақты сұлтандар әуелі тістенгеннен басқа амалы қалмайды; кейін қарасүйектердің қорлығы өткесін шығар, өздері де сол жүйеден бір шығады. Әрі қарай – тұман: әйтеуір қым-қиғаш қырғынмен осы күнгі «тәуелсіздік» деп аталатын күйге де жетіппіз. Қарасақ – масқара: екі ауыз сөз артық оқығандар жылыжайға бергісіз кабинеттер мен апартаменттерден орын теуіп, орта ғасырларда қол бастауы мүмкін арыстар арып-ашып солардың есігіне телміруде. Дегенмен арыстарымызда атавизм түрінде болса да, өзінің артықшылық сезімі қалған. Сондықтан болар: аузы қисық шекпендіге ықылассыз болса да «иә, жақсы» дегенімен, бәрібір менсінбейді; шешімдерін келеке етіп, қылықтары жөнінде анекдоттар құрайды. Ақылды – айлакерге орын бергенімен, оның ақымақтығын кешіре алмай ызаға булығып, ер – құжат бойынша өзінен басым түсетін езге көне алмай, ілбіген өмір, жоқ өмір емес – жәй ғана тіршілік баяу жалғасуда.
Ал Сіздер «халық пен биліктің арасы неге терең сай?» дейсіздер…
У ішіп өл, у ішіп өл: Филолог пен Ерлан – 1:0 !
Жарияланған күні 12.05.2008 - Бөлімі: Ит тірлік
… Осы бір айтыс-тартыстың ортасына періп кететін әдетімді қашан қояды екенмін…
Қайсыбір бейресми жиын-отырмақта қазақ тілінің жанашырына шүйліктім. Менікі сөлекет болды енді, неге екені белгісіз: бұл қарындас та «қазақ тілі!» деп құр айқайлаушылардың қатарынан деп ойлаппын. Оны әшкерелемек мақсатында әдейі орыс тілін мақтап кеп жөнелдім. Қандай контрәдіс қолданар екен деп. Өзім сөйлеп, өзім қойдым ақыры: филолог қарындасым міз бақпады. Полемикаға араластыруды көздеп, енді орыс тілінің қазақ тілінен артықшылығын айта бастап едім – дөп түстім: осы кезде филолог – қарындасымның жаны шығып кетті! Алайда мен құсап, алыстан бастап, тілдердің тарихи сұрыпталуы жөніндегі мылжың сөз айтып, арамтер болған жоқ - бір ауыз сөзбен ғана аузыма құм құйды: «Орыс тілі мықты болса, ең болмаса бір түйір «А» әрпіне келетін зат есім айтыңызшы; айта алсаңыз – мен-ақ жеңіле қояйын» - дегені. «Ой, көп емес пе, қатырасыз қарындас, мысалы…» - деп бастап … мылқау болдым да қалдым! Ал керек болса! Кірме сөздер тек ғана шынымен, мен білетіндері, ал таза орыс сөзінің бірін де айта алмадым. Ұялғаннан, қарындасымның қолын қыса беріппін. Ішімнен ұтылғаныма өлердей қуандым! Жасасын ҚАЗАҚ ТІЛІ !!!
Презентация - “Мағынасыз кітап”
Жарияланған күні 11.05.2008 - Бөлімі: Ит тірлік
… Діттеген мақсатыма жеттім бе, жетпедім бе - білмедім… Дегенмен көптеген қиындықтармен “Мағынасыз кітап” 11,7 данамен басылып шықты. Жо-жоқ, саяси қмындықтар туған жоқ, қудалауға ұшырағаннан да аулақпын. Қиыны - осы кітапты басуға адамдарды көндіру болды. Олар алғашқы бетін ашып-ақ, не боқтап, не лақтырып жіберіп еді… Қорқа-қорқа басуға келісім берген уақытша жұмыссыз, кітап түптеуші ырғыздық Ахмет бауырыма тоғыз жүз де екі рахмет! Кітапты қазақ блоггерлеріне туылған күндеріне біртіндеп сыйлап тұрмақпын. Қуанышым қойныма сыймай, кітаптың алғысөзінен үзінді келтіріп отырмын. Алғысөзіне қарап, кітапты керек деп тапсаңыз – туылған күніңізді коммент ретінде тастап кетіңіз, теміржол бойына жататын кез-келген қалаға жолсеріктен беріп жіберемін
Алғысөз
Бұл кітап – есерсоқтықтың символы, тавтологияның шыңы, кемістікке қойылған ескерткіш. Ешнәрсеге арналмаған кітап, тәлім-тәрбие коэффициенті – 0%. Біреулер «ол не кітап?» деп сұрап жатса, ауызыңа сөз түспей, абдырап қаласыз. Құдай соққанда, «бірдеңе туралы» деп те құтыла алмайсыз: себебі – ештеңе туралы емес. Авторлардың бір байқағаны: бұл кітапты оқығаннан кейін мида тек вакуум қалады, не авторларды боқтағың келеді…
…Әлбетте, әлемде «ең-ең» категориядағы дүниелер көп. «Ең ұзын», «ең қысқа», «ең ыстық», «ең суық» деген нәрселерді көбіңіз оқып жүрсіз. Қайсыбір күні әлдебір үнділіктің ең ұзын тырнақтың иесі ретінде туристтерді таң қалдырып жүргенін өз құлағыммен естідім. Жалпы, алты миллиард адамның арасынан ерекшелену үшін, жұмыр басты пенденің бармай жатқан айласы мен ішпеген уы қалмады.
Енді қараңыз: қайсыбір күні ең ақылды, мазмұнды кітаптардың жалпыадамзаттық мүшәйрасы болды делік. Әйтеуір бір кітап жеңер: ол «Абай жолы» бола ма, әлде «Форсайттар әулетінің аңызы» бола ма - оны білмедік. Әлбетте, дәл сол конкурста дүниедегі ең топас кітапты анықтауы да кәдік. Сол кезде осы кітапты ұсына қоямыз. Бұдан да топас, мағынасыз кітап бар болып шықса, тіпті жақсы: ең болмаса күлкіге қарық боп қайтамыз.
Кітап кімге және неге арналған? Орынды сұрақ. Кітап ең алдымен кітап оқымайтын адамдарға пайдалы. Олардан «кітап оқисыз ба?» деп сұраса, «иә, «Мағынасыз кітапты» деп құтылуға жақсы. Оқыған-оқымағанын әрине, ешкім тексере алмайды: себебі мазмұнсыз кітаптың қай жерінен сұрап тексереді?
Екіншіден – шығармашы қауымға жақсы. Ең топас, сүйкімсіз және қызықсыз жазуларым осы кітаппен бірге кетсін деп, пернетақтаңызды не қаламыңызды осы кітаппен аластап аласыз. Немесе блогыңыздағы әлде сайтыңыздағы ең құрыған сөз бар жер - осы кітап болсын деп, түпкі каталогына көшіріп қойыңыз. Көз тілден аулақ боласыз: шабыт енді күнде қыса бермегенімен, әйтеуір мәнсіз ештеңе жазбайтын боласыз.
Осы кітапты кез-келген нәрсені мәнсіздіктен-мағынасыздықтан аластау рәсіміне пайдалануға авторлар толығымен рұқсат береді. Футбол алаңындағы футболшыларымыздың мәнсіз жүгіргені осы болсын деп, не министрлер кабинетін мәжіліс алдында «топас заңдар осы кітаппен бірге кетсін!» деп, аластап аласыз. Авторлар өз кезегінде зейнетақы туралы заң қабылданар алдында осы кітапты жазып үлгірмегені үшін министрлерден кешірім сұрайды.
Дегенмен, авторлар, бұл мағынасыз кітапты жазуға оңай соқпағанын тілге тиек еткісі келеді. Кез-келген шығарма сияқты мұның да: ұйқысыз қара кофелі түндермен, толғақ қысқаннан аздап кем соғатын қиындықпен жазылғанын айтқымыз келеді. Себебі, «өй, мұны мен де жаза аламын!» деп бөскендердің іске келгенде, түк те жаза алмай, еріксіз күле бергенінің куәсі болғанбыз.
Кітап үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім – «Ет» деп аталады. Бұл бөлімде кітаптың сиқы жөнінде жалпы мағлұмат аласыздар. Екінші бөлім – «Сүт» деп аталады, бұл бөлім кітаптың сиқына шыдағандар үшін сын болмақ. Кітаптың соңғы бөлімінің атауы – «Тұз», бұл бөлім алдыңғы екі бөлімге шыдай алған оқырмандар мен психиатриялық ауруханалардың пациенттеріне арналады. Ақылдан адаспау үшін, мағынасы бар кітаппен араластырып оқуға кеңес береміз.
Жалпы осы алғысөз – кітаптағы әйтеуір миға қонымды жалғыз сөз бе дейміз. Сондықтан мұқият оқып алыңыз. Осы кітапты оқуыңыз - мәнсіз өмірдің соңы болсын деп, алдымен Сіздерге, одан қалды өзімізге ақ тілек тілейміз!
Зор құметпен: Ерлан Оспан, Аршат Оразов…
Қайсысынан бастап жазсам екен…
Жарияланған күні 04.05.2008 - Бөлімі: Ит тірлік
Өткенде осы мәселе жөнінде Ақзеремен сөйлесіп едім. Енді Сіздермен бөліскелі отырмын.
«Буридан есегі» деген әфсана барын білтеін боларсыздар. Қайсыбір көне грек есегінің алдына екі бірдей астау қойып, бірдей мөлшерде жем салып береді. Байғұс есек қайсысынан бастап жерін білмей, аштан өліп қалыпты! Құдайым пәлсапашының есегі болудан сақтасын!…
Енді екі мақалам бар еді… Қайсысынан бастап жарияласам екен, сол уайым болды… Не көмектерің бар, ағайын?…